Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Осындай мағыналы сөздерден кітап оқудың кез - келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі, кені екендігін түсінесің.

Халқымыз осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн”, – деп әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы- кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық. Сол сандықтағы байлықты қалай алуға болады? Кітап әлеміне баланы қалай енгізуге болады? Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және осы сұрақтар негізінде №143 орта мектебінде «Оқуға құштар мектеп- оқуға құштар ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған «Оқы және жеңіске жет» челленджі бастау алды. Челлендж оқу мәртебесін, белсенділігін арттыру және оқу сапасын жақсарту, балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру мақсатында өткізіледі.