САН ҚЫРАНДЫ САМҒАТҚАН ПАРАСАТ ИЕЛЕРІ

 

13.06.2022 жылы Ж. Маханбетов ауылындағы іргелі білім ошағы         №143 орта мектебінде Сыр үмітін ақтаған мыңдаған шәкірттерін шыңдаған, жаңалыққа құмар, ізденімпаз, білікті, ұстаздардың ұстазына айналған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Маханова Мафура, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Құрманбаева Баян және математика пәні мұғалімі Алтаева Гүлнар апайларды зейнеткерлікке шығарып салуға арналған «Сан қыранды самғатқан парасат иелері» атты салтанатты жиын өткізілді.

Ұстаз мамандығы адамзатпен бірге туғандығы сөзсіз. Болашағымызды ұрпағымыздан көретін болсақ, ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздың алатын орны, атқаратын ролі зор маңызға ие. Кешегі оңы мен солын танымайтын кішкентай ғана тарыдай бүлдіршінді өнертапқыш, ізденімпаз, ғылымға, білімге құмар таудай етіп шығару - ең ауыр ұстаздық парыз.

«Адамның адамшылығы – ұстаздан» дейді ұлы Абай. Инемен құдық қазғандай білім жолында іздену, өзіне беймәлім дүниені танысам деген түйсік адам баласының табиғатына тән. Алайда бұл дәрежеге ұстаз алдын көрмей жету мүмкін емес. Салтанатты кешті мектебіміздің жас өнерпаздары ұстаздар туралы сахналық қойылыммен бастады және «Ұстазым» әнінің әсем ырғағымен салтанат иелерін қошеметпен құрметті орынға жайғастырды. Салтанатты кеш иелерін мектеп директоры Фарида Қараманқызы, Кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Хайруллақызы құттықтап, қалалық оқу бөлімі мен кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарын тапсырып, ұжым атынан сый-сияпат көрсетті. Кеш мектептегі өнерлі ұстаздардың ән-шашуымен әрленді. Зейнеткерлерді құттықтау үшін арнайы келген балалары мен немерелерінің және әріптестерінің құттықтауымен жалғасты.

«Бейнет түбі – зейнет » деп халқымыз бекер айтпаса керек. Зейнеткерлеріміздің дендеріне саулық, отбасына амандық тілеп, ыстық ықыластары мен ізгі ниет, жылы лебіздерін білдірді.

Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,

Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.

Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,

Қасиеті бас иерлік мәңгілік!

Ақ жүрекпен сезіп «Ұстаз бақытын»,

Шәкіртімен өткен барлық ғұмыры.

Сізге арнаймыз тілектің ең жақұтын,

Даңқыңыздың биік болсын тұғыры