2022 жылдың 13 сәуір күні Ақсуат ауылдық округі, Ж.Махамбетов ауылы, №143 орта мектебінде тарих пәні мұғалімдері бірлестігінің ұйымдастыруымен Д.А. Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Д.Қонаев орденінің» иегері,

« Халықаралық Д.А.Қонаев қорының мүшесі», «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» Уәйіс Ержан Үбәйдаұлымен «Тағылымды тарих сыр шертеді» тақырыбында тарихи-танымдық кездесу кеші өткізілді.

Тарихи-танымдық кездесу кешінің мақсаты: Елін танытқан ер, қазақ елінің біртуар азаматы Д.Қонаев туралы жан-жақты түсінік қалыптастыру, кемеңгер тұлғаның мемлекетке және халқына сіңірген еңбегін, қажырлы жүргізген саясатын үлгі ете отырып, көзін көрген тұлға Уәйіс Ержан Үбәйдаұлымен кездесіп, тағылымды тарихпен танысу.

Ауыл әкімі Мәмбетәлі Сейтжапбарұлы, ауыл әкімдігінің бас маманы Нұрғали Мүталапұлы, ауылымыздың қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбуов Өмірсерік Әбуұлы, Қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерболат Тынымбайұлы, Асыл-ай балабақшасының меңгерушісі Нұргүл Кеңесқызы кешіміздің арнайы шақырылған қонақтары.

Кеш 2 бөлімнен тұрды.

1-ші бөлімі « Ғасыр адамы – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев » тақырыбында. Тарих мұрағаттарында сақталған, кемеңгер тұлға Дінмұхаммед Ахметұлының өмірдерегі жайлы өз дауысымен жазылған бейнетаспаны көрсету арқылы басталып, ұлы тұлғаға арналып жазылған өлең-жырлар оқылып, Д.Қонаев жайлы айтылған естеліктер жайлы бейнематериалдар көрсетілумен жалғасын тапты.

ІІ бөлімі «Көзкөрген» тақырыбында.

Ел басқарған Д.Қонаевтың көзін көрген, Д.Қонаевтың телевизиялық түсіру тобының мүшесі – жеке тілшісі қызметін атқарған, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Д.Қонаев орденінің» иегері, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының мүшесі», «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» Уәйіс Ержан Үбәйдаұлыны тағылымды тарихтан сыр шерте отырып, Д.Қонаев жайлы естеліктермен бөлісті. Уәйіс Ержан Үбәйдаұлы еңбек жолын қазақ телевизиясында тілші-диктор қызметінен бастап, шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисті. Ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың жеке тілшісі, 1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш президенттен бірінші сұхбат алған тележурналист.

Ержан Үбайдаұлы Қызылорда облысында мемлекеттік қызметшісі, облыс әкімінің кеңесшісі, облыс әкімінің орынбасары, облыс тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

Тағылымы мол тарихи кеш барысында Ержан Үбайдаұлы Д.Қонаевпен қызмет жасаған жылдарындағы тарихи сәттерді, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жанында жүрген тарихи кезеңдер жинақталған фотоальбом-кітаптармен таныстыра отырып, Түркия елінде қазақ бас консулы қызметін атқарғанда Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сыртқы істер министрі кезінде 6 жыл бірге қызмет жасағандығын мектеп оқушыларына тарқата айтып, тамыры терең тарихпен сусындатты. Сонымен қатар, қасиет тұнған Сыр елінің киелі топырағының тарихи тұлғалары Т.Жүргенов, М.Шоқай, Т.Ізтілеуов, Қ.Мұхамеджанов және т.б жайлы қазақ еліне сіңірген еңбектері, шығармалары жайлы әңгіме өрбітті. Туған елдің тарихын білу - ұлтжандылықтың нұрын төгуші, адамгершіліктің сәулесін құюшы, өнер мен өнегенің шуағын шашушы ғасыр көшін бастайтын білімді де, білікті жастардың еншісінде екендігін өсиет етіп, жастарға, мектеп ұжымына батасын берді. Кеш соңында бітіруші түлектер Ержан Үбайдаұлынан қолтаңба алды. Ержан Үбайдаұлымен кездесу кеші мектеп оқушыларының өміріне рухани азық боларлық дүниелер сыйлады.