БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ-КІТАП
Кітап!
Ақылдың сөнбейтұғын шамшырағы
Білімнің сарқылмайтын балбұлағы,
Ашқанда-ақ өткен күн мен беттеріңді,
Келер күн көз алдыма кеп тұрады.
Адамзат қоғамы тарихында кітап бейне бір кәусар бұлақтай адамдардың рухани сусынын қандырып, жанын жадыратып келе жатқан таусылмас рухани құндылық негізі, бастау алар бұлақ көзі. Кітап - адамды өмір бойы қолдап жүретін қамқоршысы, кітапхана- ғылым мен білімнің, даналық пен дархандылықтың киелі кеніші десек, ал кітапханашылар осы қасиетті қара шаңырақтың шын жанашырлары.
2022 жылдың 8 сәуірінде қасиетті қара шаңырақтың жанашырлары, яғни №143, 268, 215 мектеп кітапханашыларының ұйымдастырумен «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «Білімнің қайнар бұлағы – кітап » атты тақырыпта №143 орта мектебінде қалалық семинар болып өтті.
Семинардың мақсаты: Оқу мәртебесін, белсенділігін арттыру және оқу сапасын жақсарту, балалар мен жастардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту бойынша тәжірибе алмасу.
Семинарда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай, ұлт ұстазын жан-жақты таныту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында поэтикалық марафон болып өтті. Семинар барысында «Кинотерапия» әдісін кітаппен байланыстыра өз тәжірибесінде қолданып жүрген № 268 мектеп кітапханашысы Амирова Гауһар Какимовна өз жұмысын көрсетті.
Өзара бірлікке оқыту, көшбасшылық қасиеттерді өзара қолдау мен ынтымақтастықты дамыту, позитивті өзара қарым-қатынасты қалыптастыру, креативті ойлауға, шешімдерді қабылдап, оларды жүзеге асыруға баулу мақсатында №143 орта мектебінің кітапханашысы Сексенбаева Нұрсәуле Дәулетқызы «Plickers» платформасының көмегімен «Кітаппен серуен» атты квест ойынын, таңдаулы 30 кітап тізімінен алынған кітаптар бойынша №143 орта мектебінің кітапханашысы Әбдіғаппарова Айзахан Темірханқызы қазіргі жаңа әдістердің бірі «Renderforest» платформасы бойынша буктрейлер қалай жасау керек екендігін әріптестеріне көрсетіп, түсіндіре отырып өз іс – тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында қазақтың әдебиеті мен тарихында ерен еңбегімен ойып тұрып орын алған Ахмет Байтұрсынұлына арналған Ж. Әлмашұлының «Абақты ғұмыр» драмасынан үзінді тамашалады.